Қазақстанда шетелдік банктерді ашу жөніндегі талаптарды ырықтандыруға бағытталған түзетулер қабылдау жоспарлануда. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында баяндама жасау барысында мәлімдеді.
Мәдина Әбілқасымова Мемлекет басшысы 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында елімізге үш сенімді шетелдік банкті тарту және банк секторындағы бәсекелестікті арттыру туралы міндет қойғанын атап өтті.
Қазіргі уақытта қолданыстағы заңнама шеңберінде шетелдік инвестордың Қазақстанның банк нарығына кіруі көзделген және Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі шеңберінде 2020 жылы шетелдік банктің филиалын ашу бойынша талаптар белгіленген.
«Шетелдік инвесторларға арналған талаптарды ырықтандыру мақсатында шетелдік банкті ашуға рұқсат алу үшін құжаттар тізбесін қысқарту көзделеді. Құжаттар саны шетелдік бас компанияның рейтингіне байланысты болады.
Мысалы, шетелдік банктің рейтингі «BB-»-тен «А-»-ке дейін болса, еншілес банкті ашуға арналған құжаттар саны 24-тен 17-ге дейін, ал филиал ашу үшін – 20 құжаттан 10 құжатқа дейін қысқартылады. Рейтингі «А-»-тен бастап және одан жоғары рейтингі бар банктер үшін құжаттар саны тиісінше 10 құжаттан 8 құжатқа дейін қысқартылады.
Сонымен бірге шетелдік инвесторлардың ауқымды санын тарту үшін Заң жобасында филиалдар құру кезінде шетелдік банктің активтеріне қойылатын талаптар 20 млрд АҚШ долларынан 10 млрд АҚШ долларына дейін төмендетіледі», – деп хабарлады Агенттік басшысы.
Сонымен бірге Агенттік Төрағасы шетелдік банктердің филиалдары үшін рұқсат етілген қызмет түрлері кеңейтілетінін атап өтті. Филиалдардың қызмет түрлері шетел валютасымен айырбастау операцияларын, кастодиандық қызметті, трансфер-агент қызметін жүзеге асыру, синдикатталған қаржыландыруға қатысу, төлем карточкаларын шығару сияқты операциялармен толықтырылады.
«Екінші кезеңде шетелдік банктің банктік лицензия алуға арналған құжаттар тізбесі де 50 құжаттан 7 құжатқа дейін қысқартылады. Көбінесе бұл құжаттар ішкі нормативтік құжаттарға жатады және оларды бекіту жөніндегі талаптар лицензия алғаннан кейінгі кезеңге ауыстырылатын болады», – деп түсіндірді Мәдина Әбілқасымова.
Заң жобасы шеңберінде Агенттік банктің директорлар кеңесінің мүшелері үшін басшылық өтілдің болуы жөніндегі талапты алып тастауды, сондай-ақ басшы лауазымдарға кандидаттар үшін микроқаржы ұйымдарындағы жұмыс тәжірибесін ескеруді ұсынады.
«Шетелдік инвесторлардың отандық қор нарығына кіруін жеңілдету үшін Euroclear және Clearstream сияқты халықаралық есеп айырысу ұйымдарының Қазақстанның Орталық депозитарийінде тікелей шоттар ашу мүмкіндігін белгілеу ұсынылады. Бұл Қазақстанның бағалы қағаздарына өз клиенттерінің меншік құқығын растауға және олардың есебін жүргізуге мүмкіндік береді.
Қор нарығындағы дефолттарды реттеу процесін оңтайландыру үшін клирингтік ұйымға брокерлік-дилерлік қызметті жүзеге асыру құқығы беріледі», – деп атап өтті Агенттік басшысы.
Мәдина Әбілқасымова корпоративтік облигациялар нарығын дамыту мақсатында қамтамасыз етілген облигациялар бойынша кепілгер болатын тұлғалардың тізімі ұлттық басқарушы холдингпен және оның бақылауындағы заңды тұлғалармен,
сондай-ақ Қазақстанның орнықтылық қорымен толықтырылатынын атап өтті.
«Сақтандыру нарығын дамыту үшін сақтандыру ұйымдарының инвестициялық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған бірқатар бастамалар көзделген. Атап айтқанда, сақтандыру ұйымдарының IT-саласындағы қызмет түрлері мен инвестициялық мүмкіндіктерін кеңейту ұсынылады. Сақтандыру ұйымдары сақтандыру қызметін автоматтандыру үшін бағдарламалық қамтылымды дербес әзірлей алады және оларға еншілес IT-компанияларды сатып алу құқығы беріледі», – деп хабарлады Мәдина Әбілқасымова.
Қаржы реттеушісінің басшысы ФАТФ стандарттарына сәйкес жаппай қырып-жою қаруын таратуды, терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен тұлғалардың сақтандыру брокерінің капиталына қатысу (акцияларды иелену) бойынша талап белгіленетінін айтып өтті.
Мәдина Әбілқасымова тұтынушылардың құқықтарын қорғауды одан әрі күшейту және қаржылық қолжетімділікті арттыру шараларын ұсынды. Аталған түзетулерге Парламент Мәжілісінің депутаттары бастамашы болды.
Мүгедектігі бар адамдар мен халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарды қорғауға ерекше назар аударылады.
«Қаржы ұйымдарының мүмкіндігі шектеулі адамдарға биыл 1 шілдеден бастап енгізілген Қаржы ұйымдары қызметтерінің қолжетімділік жөніндегі ұлттық стандартын ескере отырып, қызметтер көрсетуін қамтамасыз ету міндеті заңнамалық деңгейде енгізіледі. Сондай-ақ қаржы ұйымдарына мүмкіндігі шектеулі адамдармен жұмыс істеудің ішкі тәртібін бекіту міндеті жүктеледі. Олар қаржы ұйымдарының қызметтерін алған кезде өздеріне сенім білдірілген тұлғаны тағайындау мүмкіндігіне ие болады», – деп хабарлады Мәдина Әбілқасымова.
Агенттік басшысы мерзімі өткен кредиттер бойынша берешекті реттеу кезінде халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын адамдарды, сондай-ақ төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен азаматтарды қосымша қорғау шараларының көзделгенін де атап өтті.
«Осы санатқа жататын азаматтар үшін берешекті реттеу кезінде қарыздар мен микрокредиттер бойынша төлем мерзімін міндетті түрде кемінде 3 ай мерзімге кейінге қалдыру, сондай-ақ ай сайынғы төлемді 50 және одан да көп пайызға азайту көзделеді.
Қарыз алушы-жеке тұлғалардың құқықтарын қорғау үшін банктік қарыздарды мерзімінен бұрын өтегені үшін айыпақы алуға тыйым салынады. Микрокредитті қайтармағаны үшін айыпақыны қоспағанда, азаматтардың микрокредиттері бойынша кез келген айыпақы өндіріп алуға тыйым салынады.
Банктік қарыз немесе микрокредит алу үшін жасалатын сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру агенті комиссиясының шекті мөлшері 10% шегінде белгіленеді.
Тұтынушыларды мәжбүрлеп жүктелген қаржы өнімдерінен қорғау мақсатында, қаржы ұйымдарында қаржы өнімдерін әзірлеу мен енгізудің ішкі рәсімдерінің болу талабы енгізіледі», – деп хабарлады ҚНРДА Төрағасы.
Мәдина Әбілқасымова тұтынушылардың уақтылы кері байланыс алуы үшін қаржы ұйымдарының клиенттердің өтініштерін 15 жұмыс күні ішінде қарау мерзімінің заңнамалық тұрғыдан белгіленетінін атап өтті.
«Депутаттардың «Отбасы банкіне» Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі шеңберінде білім беру кредиттерін ұсыну құқығын беру туралы ұсыныстары ескерілді», – деп хабарлады Агенттік Төрағасы.
Қаржы реттеушісінің басшысы кредиттік серіктестіктерде шешімдер қабылдау жеделдігін арттыру үшін кредиттік серіктестіктің жарғысын бекіту, оны қайта ұйымдастыру немесе тарату мәселелері бойынша кредиттік серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысының кворумына қойылатын талаптар жеңілдетілетінін атап өтті. Есеп саясатын қалыптастыру жөніндегі өкілеттіктер кредиттік серіктестіктің Басқармасына беріледі.
«Заң жобасының негізгі ережелері банк секторындағы бәсекелестікті арттыруға және оған инвестициялар тартуға, қаржылық қолжетімділікті арттыруға және тұтынушылардың құқықтарын қорғауға, сақтандыру нарығы мен бағалы қағаздар нарығын дамытуға ықпал етеді», – деп атап өтті Мәдина Әбілқасымова.
Заң жобасы Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын, «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы», «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» Жарлықтарын іске асыру үшін әзірленді.