logo

Жаңа «Keden» кедендік ақпараттық жүйесін іске қосу: СЭҚ-қа қатысушылар үшін маңызды өзгеріс

14 қараша, 2024
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті қолданыстағы «АСТАНА-1» және «Экспорттық-импорттық операция жөніндегі Бірыңғай терезе» ақпараттық жүйелерін кезең-кезеңмен алмастыратын жаңа «Keden» кедендік ақпараттық жүйесін енгізу жөніндегі жұмысты жалғастыруда.
 
Осы үдеріс шеңберінде 2024 жылғы 14 қарашадан бастап «Кеdен» АЖ-да кедендік баждар мен салықтарды төлеуді қамтамасыз ету сертификатын тіркеуге өтініш беруді, сондай-ақ сертификаттың өзін қалыптастыруды қамтитын жаңа функционал іске қосу басталады.
 
2024 жылғы 16 қарашадан бастап – «Keden» АЖ-да:
 
  • Алдын ала ақпарат беруді және тауарлардың келуі бойынша кедендік операцияларды жасауды;
  • Көлік, ветеринариялық, фитосанитариялық және санитариялық-эпидемиологиялық бақылаудан өтуді;
  • Транзиттік декларацияны беру, тіркеу және шығару, сондай-ақ кедендік транзитті аяқтауды;
  • Тауарларды уақытша сақтау бойынша кедендік операцияларды жасауды;
  • Бейрезидент-жеке тұлғалар үшін бірегей сәйкестендіру нөмірлерін қалыптастыруды қоса, жаңа функционал жұмысы басталады.
 
        Мынадай өзгерістерді атап өту қажет:
 
  1. Кедендік транзит үшін кедендік баждар мен салықтарды төлеуді қамтамасыз ету сертификаттарын тіркеу 2024 жылғы 14 қарашадан бастап тек «Keden» АЖ-да жүзеге асырылатын болады. Бұл ретте транзиттік декларацияны беру кезінде осы жүйеде тіркелген сертификат қана қабылданатын болады.
  2. 2024 жылғы 15 қарашада сағат 22:00-ден бастап «АСТАНА-1» АЖ арқылы транзиттік декларацияларды беру, тіркеу және шығару тоқтатылады. 2024 жылғы 16 қарашадан бастап бұл операциялар тек «Кеdеn» АЖ арқылы орындалатын болады.
  3. Транзиттік декларацияны пайдалана отырып, кедендік декларациялау үшін кедендік алымдарды төлеу ҚР резидент-төлеушілері, бейрезидент-заңды тұлғалар төлеушілері үшін 106119-да БКК-да (аванстық төлемдер) жүргізілуге тиіс.
  4. Бейрезидент-жеке тұлғалар үшін «Keden» АЖ-да бірегей сәйкестендіру нөмірі (БСН) жасалатын болады және олар бойынша дербес шоттарды жүргізу жүзеге асырылады. Мұндай төлеушілер үшін кедендік алымды төлеу 106201 БКК-да (кедендік алымдар) жүргізіледі.
  5. СЭҚ-қа қатысушы-төлеушілерге транзиттік декларация берілген күні немесе транзиттік декларация берілгенге дейін сағат 20:00-ге дейін кедендік алымдарды төлеуді жүргізу ұсынылады.
  6. Сыртқы сауда қатысушыларына «Keden» АЖ-да тіркелу бойынша нұсқаулықтармен және жаңа функционалмен жұмыс істеу жөнінде алдын ала танысу ұсынылады.
 
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті «Keden» АЖ-ны енгізу – кедендік рәсімдерді жаңғыртудағы және сыртқы экономикалық қызметке қатысушылармен өзара іс-қимылды жетілдірудегі маңызды қадам екенін ескертеді.