Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі жанындағы Қоғамдық палатаның көшпелі отырысында Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин жаңа Салық кодексіне енгізілетін негізгі өзгерістерді таныстырды.
Жобаға сәйкес, салықтық әкімшілендірудің сервистік моделі енгізіліп, салық төлеушілерді тіркеу жеңілдетіледі, салықтық есептілік қысқартылады және салықтық бақылау цифрландырылатын болады.
Пайданы қайта инвестициялауды ынталандыру мақсатында кешенді тәсілдер әзірленіп, арнайы салық режимдері оңтайландырылды, бизнесті бөлшектеу тәуекелдерін азайту шаралары қабылданды.
Корпоративтік табыс салығына дифференциалды ставкаларды енгізу жоспарлануда. Негізгі ставка 20% деңгейінде сақталады, бірақ банк секторы мен ойын бизнесі үшін ол 25% болады. Ал өңдеу өнеркәсібі, қаржылық лизинг және әлеуметтік сала үшін ставка 10%-ға дейін төмендетіліп, ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін 3% деңгейінде сақталады.
Инвестицияларды ынталандыруға ерекше назар аударылады. Құрылысқа, жабдықтар мен бағдарламалық қамтамасыз етуді сатып алуға жұмсалған шығындарды 100% біржолғы шегерім ретінде қолдану мүмкіндігі ұсынылады.
БЖЗҚ-дан алынатын зейнетақы төлемдерін жеке табыс салығынан босату жоспарлануда.
Сондай-ақ, люкс заттарын салық салу күшейтіледі: қымбат мүлікке арналған жоғары салық ставкалары, люкс автокөліктерге, алкоголь мен темекі өнімдеріне, теңіз кемелері мен әуе көліктеріне акциздер енгізіледі.
Жеке тұлғалар үшін көлік салығының төмендеуі қарастырылуда: 10 жылдан асқан көліктер үшін салық мөлшері 30%-ға, 20 жылдан асқан көліктер үшін 50%-ға азайтылады.
Сонымен қатар, тиімсіз пайдаланылатын жерлерге базалық ставканың 40 еселенген көлемінде жер салығы енгізіледі.
Салық кодексінің жобасы қазіргі уақытта Мәжілістің Жұмыс топтарында талқылануда.