logo

2025 жылы МӘМС бойынша аударымдар мен жарналарды қалай төлеуге болады?

25 желтоқсан, 2024
2025 жылы Қазақстанда ең төменгі жалақы 85 000 теңге деңгейінде қалады, сондықтан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) бойынша төлемдердің көпшілігі өзгеріссіз қалады.
 
Жұмыс берушілер мен қызметкерлер үшін мөлшерлемелер өзгермейді: жұмыс берушілер қызметкердің есептелген кірісінің 3%-ын, ал қызметкерлер 2%-ын аударады. Сонымен қатар, ең төменгі жалақы негізінде есептелетін жеке кәсіпкерлер (ЖК) мен дербес төлеушілер үшін жарна мөлшері де өзгеріссіз қалады.
 
Дегенмен, бірыңғай жиынтық төлемнің мөлшерлемесі 21,5%-дан 23,8%-ға дейін өседі. Льготалы санаттағы азаматтар үшін мемлекет төлейтін жарналар көлемі де 1,9%-дан 2%-ға дейін артады. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылғы орташа айлық жалақы 364 295 теңгені құрады.
 
Осылайша, 2025 жылы МӘМС бойынша төлемдер мөлшері келесідей болады:
  • Жұмыс берушілердің аударымдары: қызметкердің есептелген кірісінің 3%-ы.
  • Қызметкерлердің жарналары: кірістің 2%-ы.
  • Бірыңғай жиынтық төлем: еңбекақы қорының 23,8%-ы.
  • Азаматтық-құқықтық шарттар бойынша жұмыс істейтін жеке тұлғалардың жарналары: кірістің 2%-ы.
  • ЖК мен жеке практикамен айналысатын тұлғалардың жарналары: 5 950 теңге (ең төменгі жалақының 1,4 еселенген мөлшерінің 5%-ы).
  • Дербес төлеушілердің жарналары: 4 250 теңге (ең төменгі жалақының 5%-ы).
  • Мемлекеттің жарналары: 7 285,9 теңге.
Жарналарды «Қазпошта» АҚ кассалары, екінші деңгейлі банктердің кассалары мен мобильді қосымшалары, сондай-ақ төлем терминалдары арқылы төлеуге болады.
 
МӘМС жүйесіндегі мәртебені тексеру үшін келесі құралдарды пайдалануға болады:
  • msqory.kz сайты;
  • Telegram-бот;
  • Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы;
  • кейбір банктердің мобильді қосымшалары;
  • egov.kz порталы арқылы «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде тұтынушы ретінде қатысу және аударымдар мен жарналар сомасы туралы ақпарат беру» мемлекеттік қызметі.