Қазақстанда 2021 жылдан бастап жеке тұлғалардың табысы мен мүлкін жалпыға ортақ декларациялау жүйесі кезең-кезеңімен енгізілуде. Бүгінгі таңда бұл жүйеге 4 миллионнан астам адам, оның ішінде мемлекеттік қызметкерлер, квазимемлекеттік сектор басшылары, бизнес өкілдері және олардың жұбайлары кірді. Бұл туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Дина Құсайынова мәлімдеді.
Халыққа ыңғайлы болу үшін декларацияларды тапсыруға арналған электрондық сервистер әзірленді, олардың қатарында: Салық төлеушінің кабинеті (cabinet.salyk.kz), «Электрондық үкімет» порталы (egov.kz), «e-Salyq Azamat», «eGov mobile», «Halyk», «Банк ЦентрКредит» және «Kaspi» мобильді қосымшалары бар.
2025 жылдан бастап декларация тапсыру міндеттемесі жеке сектор қызметкерлеріне, зейнеткерлерге, үй шаруасындағы әйелдерге, студенттерге және басқа да азаматтарға таралады. Алайда, 2024 жылдың 15 қарашасында өткен ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің алғашқы форумында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бұл санаттағы азаматтарды, елден тыс активтері бар тұлғаларды қоспағанда, активтері мен міндеттемелері туралы декларация тапсырудан босату ұсынылады.
Бұл шешім мемлекеттік органдардың деректер базасының цифрлануы, қолма-қол ақшасыз төлемдердің жоғары үлесі, автоматтандырылған салықтық бақылау, халықаралық келісімдер аясында қаржылық есепшоттар бойынша деректер алмасу және цифрлық қызметтердің кең қолжетімділігі арқасында мүмкін болып отыр. Бұл босату осы санаттағы азаматтардың 90%-дан астамын қамтиды.
Сонымен қатар, активтерді тіркеу механизмі екінші деңгейдегі банктерді қоса алғанда, барлық цифрлық дерекқорлар арқылы қамтамасыз етіледі. Егер болашақта жеке тұлға құны 20 000 АЕК-тен (74 млн теңге) асатын мүлік сатып алса, шығындарды жабу көздері туралы ақпарат ашылуы тиіс.
Азаматтарға ерікті декларациялау құқығы да беріледі. Жыл сайынғы декларациялау мемлекеттік қызметшілер, квазимемлекеттік және жеке компаниялардың басшылары мен құрылтайшылары, олардың жұбайлары, сондай-ақ Қазақстаннан тыс активтері бар немесе салық салынатын табысы бар тұлғалар үшін сақталады.