2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда зейнетақы төлемдерін есептеу тәртібіне өзгерістер енгізіледі. Базалық зейнетақы 6,5%-ға, ал ынтымақты зейнетақы 8,5%-ға ұлғайтылады. Бұл инфляция деңгейінен 2%-ға артық өсуді білдіреді.
Негізгі өзгерістер қандай?
Минималды базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ына дейін (32 360 теңге) ұлғаяды, ал максималдысы 110%-ға дейін (50 851 теңге) өседі. Бұл 2023 жылы басталған жыл сайынғы кезең-кезеңімен арттыру бағдарламасының жалғасы.
Базалық зейнетақы қалай есептеледі?
2018 жылдан бастап базалық зейнетақы әр адамның зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты жеке тағайындалады:
- Егер қатысу өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ болмаған жағдайда, зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ына тең болады.
- Әр қосымша жыл үшін төлем 2%-ға артады. Мысалы, 20 жыл қатысқан жағдайда, зейнетақы 90%, ал 30 жыл және одан көп өтілмен 110% болады.
Қатысу өтіліне 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі және міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) төленген кезеңдер қосылады.
Тұрақты жарналардың маңызы неде?
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) жарналар уақытылы және толық мөлшерде аударылған сайын, болашақта базалық зейнетақы төлемдері соғұрлым жоғары болады. Бір айда бірнеше жарна жасалса да, есепте бір ай ғана есепке алынады.
Ынтымақты зейнетақы
Бұл төлемнің мөлшері 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі (кемінде 6 ай) мен зейнеткерлікке шыққанға дейінгі орташа айлық табысқа байланысты.
Зейнетақы жарналарын жүйелі түрде аудару – болашақта лайықты зейнетақы алудың кепілі!