Қазақстанда криптовалюта майнингі – тез дамып келе жатқан салалардың бірі. Ресми деректерге сәйкес, бүгінде елде 75 майнинг компаниясы тіркелген. Соңғы үш жылда олардың қызметінен бюджетке 17,7 млрд теңге салық түскен, оның 11,6 млрд теңгесі цифрлық майнинг үшін төленген.
2024 жылы жүргізілген салықтық тексерулер нәтижесінде бірқатар бұзушылықтар анықталды. Қосымша 4,9 млрд теңге салық есептелді. Оның ішінде 2,3 млрд теңге — цифрлық майнинг үшін, 2,6 млрд теңге — корпоративтік табыс салығы ретінде қосылды.
Цифрлық майнингке қатысты камералдық бақылау нәтижесінде бюджетке қосымша 451 млн теңге түсті.
Сонымен қатар, криптовалютаны сату кезінде табысты төмендету фактілері анықталып, азаматтарға 4,3 млрд теңге көлемінде жеке табыс салығы есептелді.
Мемлекеттік кірістер комитеті цифрлық активтерді өндіруден бастап сатуға дейінгі барлық кезеңдерде криптоиндустрияны бақылау жұмыстарын жалғастыруда. Қазақстанда майнинг пен криптовалютаны реттеу күшейтіліп, салық түсімдерінің артуына ықпал етуде.