logo

ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті салықтан жалтару схемаларына байланысты жоспардан тыс тексерулерді күшейтті

07 сәуір, 2025

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті салықтық міндеттемелерді әдейі азайтатын компанияларға қарсы бақылауды күшейтті. Негізгі назар – салықтан жалтару схемаларын қолданатын және камералдық бақылау ескертулерін формалды түрде орындайтын салық төлеушілерге аударылып отыр.

Камералдық бақылау барысында анықталған бұзушылықтар туралы хабарлама салық төлеушіге жолданады. Бұл — есептіліктің болмауы немесе салықтардың төленбеуі. Егер хабарлама уақтылы орындалмаса немесе жалған түрде орындалса, мемлекеттік кірістер органдары заңнамаға сәйкес жоспардан тыс салықтық тексеру жүргізуге құқылы.

Мысалы, бір кәсіпорын 2022 жылдың 3 және 4-тоқсандары бойынша қосымша салық есептілігін ұсыну арқылы 177 млн теңге көлеміндегі табысты жасырып, басқа кезеңдерде оны азайту схемасын қолданған. Тексеру нәтижесінде нақты қызметі жоқ, жұмысшылары мен материалдық-техникалық базасы болмаған күмәнді қарсы тараптармен өзара есеп айырысу фактілері анықталды. Нәтижесінде 282,3 млн теңге салық, 71,4 млн теңге өсімпұл және 142 млн теңге айыппұл қосымша есептелді.

Қазіргі уақытта Мемлекеттік кірістер комитеті 354 салық төлеушінің қызметіне талдау жүргізіп жатыр. Оның ішінде 107 жағдайда жалпы сомасы 22,8 млрд теңге болатын заң бұзушылықтар анықталды. 17 млрд теңгеге 51 жоспардан тыс тексеру тағайындалды, тағы 56 өтінім 5,8 млрд теңгеге бұзушылықтар бойынша қаралуда.

Мемлекеттік кірістер комитеті салық төлеушілерді салықтан жалтару тәсілдерін қолданудан бас тартып, өз міндеттемелерін адал әрі уақытылы орындауға шақырады. Мұндай әрекеттер айыппұлдар мен өсімпұлдарға, тіпті құқық қорғау органдарына материалдар жіберуге әкеп соғуы мүмкін.