Мәжіліс міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) және медициналық қызмет көрсету тәртібі бойынша заң жобасына екінші оқылымда түзетулерді қабылдады. Өзгерістер 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Президент Жолдауын іске асыру шеңберінде әзірленген.
Жаңа заң аясында медициналық көмектің бірыңғай пакеті құрылады. Бұл пакет тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) мен МӘМС жүйесі аясындағы қызметтерді нақты шектеуді көздейді. Денсаулық сақтау министрлігі ТМККК аясында көрсетілетін ауру түрлерінің тізімін бекітеді. Бұл тізімге жедел, паллиативтік, инфекциялық және әлеуметтік маңызы бар аурулар кіреді.
Бастапқы медициналық-санитариялық көмек (БМСК) қызметтерінің бір бөлігі ТМККК-тен МӘМС пакеті құрамына өтеді. Дегенмен, депутаттардың ұсынысымен әлеуметтік маңызы бар ауруларға қатысты алғашқы жүгіну, алдын алу, диагностика және емдеу қызметтері тегін пакетте қалады.
Сонымен қатар жұмыс берушілер үшін ең жоғарғы төлем көлемі 40 АЕК, қызметкерлер үшін 20 АЕК болып белгіленді. Ал жұмыссыздар мен әлеуметтік осал топтағы азаматтар үшін төлемдер жергілікті бюджет есебінен жүзеге асады. Есептеу негізі – аймақтық орташа жалақы.
Медициналық ұйымдар МӘМС жүйесіндегі қаржы қозғалысы туралы ақпаратты ресми сайттарында жариялап отыруға міндеттеледі. Сонымен қатар үздіксіз төлем жасаған азаматтарға төлем тоқтатылғаннан кейін 6 ай ішінде медициналық көмек алу құқығы сақталады.