logo

Мемлекеттік кірістер комитеті БКМ қолданудың маңыздылығын ескертеді

29 мамыр, 2025

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті кәсіпкерлік субъектілеріне барлық ақшалай есеп айырысулар кезінде бақылау-кассалық машиналарды (БКМ) міндетті түрде қолдану қажет екенін еске салады. Бұл талап қолма-қол төлемдерге ғана емес, сонымен қатар банк карталары арқылы және мобильді қосымшалар арқылы жүзеге асырылатын төлемдерге (соның ішінде QR-кодпен) де қатысты.

Салық кодексіне сәйкес, барлық ақшалай есеп айырысулар тек Мемлекеттік тізілімге енгізілген үлгідегі БКМ көмегімен жүзеге асырылуы тиіс. Бұл тәртіптен кейбір санаттар — мысалы, жеке тұлғалар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, медиаторлар мен банктер — босатылады. Алайда кәсіпкерлер үшін мұндай жеңілдік қарастырылмаған.

Соңғы уақытта кейбір кәсіпкерлер төлемді банк картасы немесе мобильді қосымша арқылы қабылдап, тек POS-терминалдың чегін беріп, БКМ қолданбай жатқаны жиілеп кетті. Бұл – Салық кодексін бұзу болып табылады және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексіне сәйкес жауапкершілікке әкелуі мүмкін.

Бүгінде нарықта БКМ мен POS-терминал функцияларын біріктіретін шешімдер бар. Мысалы, Kaspi Pay терминалдарын Kaspi Kassa БКМ-мен біріктіруге болады. Бұл шешімдер заң талаптарына сай төлем қабылдап, операцияларды бір мезгілде фискализациялауға мүмкіндік береді.

Кәсіпкерлер БКМ тіркелгенін тексеру және Мемлекеттік тізілімге енгізілген үлгілер жайлы ақпарат алу үшін арнайы онлайн-сервистерді пайдалана алады. Мемлекеттік кірістер комитеті заң талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Бұл бизнесті заңды жүргізуге, қаржы операцияларының ашықтығын арттыруға және тұтынушылар сенімін нығайтуға көмектеседі.