HR Enbek еңбек ресурстары порталында жұмыс беруші мен кәсіподақ ұйымы арасында электронды ұжымдық шарт жасасу қызметі іске қосылды. Бұл еңбек қатынастарын реттеудің жаңа қадамы болып табылады.
Кәсіподақ өкілі ұжымдық шарттың жобасын порталдағы жеке кабинетте әзірлеп, жұмыс берушіге жібереді. Жоба мақұлданған соң, ол автоматты түрде еңбек инспекторының қарауына жолданады. Инспектор келісім берген жағдайда, тараптар құжатқа қол қоя алады.
Жүйе тараптарға әрбір қадам бойынша хабарлама жібереді: келісу, қайта қарау немесе қабылдамау. Қол қойылған ұжымдық шартты жүктеп алуға және QR-код арқылы түпнұсқалығын тексеруге болады.
Электронды ұжымдық шарт еңбек қатынастарын ашық жүргізуге, міндеттемелердің орындалуын бақылауға және еңбек жағдайларын жақсартуға ықпал етеді. Бұл кадрлық процестердің цифрлық деңгейге өтуіндегі маңызды қадам.