2025 жылғы 10 маусымнан бастап Қазақстан азаматтары соттан тыс банкроттық рәсімін бастау үшін өтінішті ЦентрКредит банкінің (bcc.kz) мобильді қосымшасы арқылы бере алады. Бұған дейін бұл мүмкіндік тек ХҚКО және eGov.kz порталы арқылы ғана қолжетімді болатын.
«Жеке тұлғалардың банкроттығы» қызметі қосымшаның «Мемлекеттік қызметтер» бөлімінде орналасқан. Өтініш беру бірнеше қадаммен жүзеге асырылады. Пайдаланушы өзінің мәліметтерін енгізіп, тіркеу мекенжайын растайды және өтінішті онлайн түрде жолдайды.
Өтініш беру толығымен тегін. Ешқандай комиссия алынбайды.
Маңызды: егер азамат некеде болса, жұбайының келісімі қажет. Күн соңына дейін келісім берілмесе, өтініш автоматты түрде жойылады.
Соттан тыс банкроттық рәсімін тек Қазақстан Республикасының «Азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы» Заңының 5-бабында көрсетілген талаптарға сай келетін жеке тұлғалар ғана қолдана алады.
Жаңа мүмкіндік азаматтар үшін рәсімді ыңғайлы әрі қолжетімді етеді. Өтініштің мәртебесін қосымшада қадағалауға болады, ал нәтиже push-хабарлама арқылы жеткізіледі.