logo

Салық міндеттемелерін төлеуді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу тәртібі

17 маусым, 2025

Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті салық төлеушілерге салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша төлеуді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу мүмкіндігі бар екенін хабарлайды. Бұл құқық Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 49 және 51-баптарымен реттеледі.

Кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу келесі жағдайларда беріледі:

  • салық төлеуші өзі есептеген салықтар мен төлемдер бойынша;

  • тексеру нәтижесінде салық органымен қосымша есептелген сомаларға;

  • мемлекеттік органдардан алынған мәліметтер негізінде есептелген төлемдерге.

Төлем мерзімін өзгерту мынадай салықтарға қолданылмайды:

  • төлем көзі бойынша ұсталған салықтар;

  • акциздер;

  • ЕАЭО елдерінен импортталған тауарларға ҚҚС;

  • Ұлттық қорға түсетін төлемдер;

  • айыппұлдар.

Мерзімдер:

  • кейінге қалдыру — 6 айға дейін, барлық соманы бір жолғы төлеу;

  • бөліп төлеу — 3 жылға дейін, ай сайын немесе тоқсан сайын төлеу. Егер мерзім 1 жылдан асса, жылжымайтын мүлікті кепілге қою қажет.

Кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу алу үшін www.eotinish.kz порталы арқылы өтініш беру қажет. Құжаттар тізімі: кепіл мүлкі туралы мәлімет, бағалау есебі, өзге ауыртпалықтың жоқтығын растайтын құжат, төлем кестесі және, егер бар болса, банк кепілдігі. Өтініштер 20 жұмыс күні ішінде қаралады.

Айта кету керек, кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу кезінде есептелген барлық кезеңге өсімпұл төленеді. Тек форс-мажор жағдайында немесе оңалту рәсімінде ерекше тәртіп қолданылуы мүмкін.