logo

Қазақстанда 2026 жылдан бастап ең төменгі жалақыны көтеру жоспарланып отыр

30 маусым, 2025

Қазақстанда ең төменгі жалақыны (ЕТЖ) 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қайта қарау жоспарлануда. Бұл туралы 2025 жылғы 27 маусымда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, қазіргі таңда бірқатар ғылыми-зерттеу институттары еңбек өнімділігі мен медиандық жалақыны өңірлер мен салалар бойынша талдап жатыр. Осы көрсеткіштер жаңа ЕТЖ мөлшерін есептеуге негіз болады.

Светлана Жақыпова 2024 жылы алғаш рет ЕТЖ есептеу әдістемесі енгізілгенін еске салды. Ол инфляция деңгейі, еңбек өнімділігі және медиандық жалақыны ескереді. Зерттеу жұмыстары осы жылдың соңына дейін аяқталып, жаңа ең төменгі жалақы мөлшері 2026 жылдың басынан енгізілуі мүмкін.

2025 жылғы 18 маусымда Мәжіліс депутаты Асхат Рахимжанов күнкөріс минимумы, ең төменгі жалақы және тұтыну себеті сияқты әлеуметтік көрсеткіштерді базалық стандарттарға бейімдеуді ұсынды. Оның айтуынша, күнкөріс минимумы кемінде 115 710 теңге болуы тиіс.

25 маусымда Премьер-Министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ЕТЖ мөлшерін арттыру қажеттігін, бірақ бұл үдеріс біртіндеп және сақтықпен жүргізілуі тиіс екенін атап өтті.