logo

Қазақстан Ұлттық Банкі төлемдер мен ақша аударымдары тәртібіне өзгерістер енгізеді

02 шілде, 2025

Қазақстан Ұлттық Банкі төлемдер мен ақша аударымдары саласындағы бірқатар өзгерістерді көздейтін қаулы жобасын әзірледі. Құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланып, 2025 жылғы 15 шілдеге дейін қоғамдық талқылауда болады.

Жоба тұрғын үй құрылысы және тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңдарды іске асыру мақсатында дайындалған. Негізгі өзгерістер үлестік қатысу мен төтенше жағдай кезіндегі өтемақы төлемдеріне қатысты.

Енді үлестік қатысу шарты (ҮҚШ) бойынша барлық төлемдер тек қолма-қол емес тәсілмен жүзеге асырылуы тиіс. Азаматтар банк арқылы арнайы төлем мақсатының коды (ТМК) мен ҮҚШ нөмірін көрсете отырып аударым жасайды. Банк бұл кезде ҮҚШ-тың тіркелген-тіркелмегенін тексереді. Егер келісім тіркелмесе, төлем қабылданбайды.

Бұл талаптар тек бастапқы нарыққа — көппәтерлі тұрғын үй немесе жеке үйлер кешеніндегі үлестерге қатысты. Мақсат — дольщиктердің құқықтарын қорғау және тіркелмеген шарттармен байланысты қауіптерді жою.

Сонымен қатар, жоба төтенше жағдайлар кезінде зардап шеккен азаматтарға төленетін өтемақыны үшінші тұлғалар арқылы өндіріп алуға тыйым салуды көздейді. Бұл қаражаттың мақсатына сай жұмсалуын қамтамасыз ету үшін банктер мұндай талаптарды орындамайтын болады.

Жоба шеңберінде құқықтық мониторинг нәтижелері бойынша редакциялық және нақтылаушы түзетулер де енгізіледі.