Мемлекет басшысы Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңға өзгерістер енгізу туралы құжатқа қол қойды. Бұл жаңалықтар медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға, сақтандырылмаған азаматтарды қамтуға және жүйенің қаржылық тұрақтылығын нығайтуға бағытталған.
Халықты қамту аясын кеңейту
Қазіргі таңда Қазақстанда 3,3 миллион адам немесе 17% халық МӘМС жүйесімен қамтылмаған. Енді әлеуметтік әл-ауқаты төмен D және E деңгейіндегі азаматтар үшін жарналарды жергілікті атқарушы органдар төлейді. Сонымен қатар, тіркелген жұмыссыздар үшін де жарналар жергілікті бюджет есебінен төленеді. Бұл 2026 жылы қосымша 1 миллион азаматты қамтуға мүмкіндік береді.
Жарналарда үзіліс болған жағдайда мәртебені сақтау
Кемінде 5 жыл қатарынан тұрақты жарна төлеген азаматтар жарна төлемеген кезеңде 6 ай бойы сақтандырылған мәртебесін сақтай алады (бұрын 3 ай болған). Бұл уақытша жұмыссыз қалған азаматтарға медициналық көмекке қол жеткізуге мүмкіндік береді. Кейін бұл кезеңдегі қарызды өтеу қажет.
Бірыңғай медициналық көмек пакеті
2026 жылдан бастап онкоскрининг барлық азаматтарға тегін жүргізіледі. Сонымен қатар, 8 әлеуметтік мәні бар ауру бойынша (ВИЧ, туберкулез, психикалық ауытқулар, онкология, миокард инфаркті, инсульт және т.б.) диагностикалық көмек те сақтандыру мәртебесіне қарамастан көрсетіледі. 12 созылмалы ауру бойынша амбулаториялық, стационарлық және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету де жаңа бірыңғай пакетке енгізіледі.
Жарна есептеу шегін өзгерту
2026 жылдан бастап жарна есептеу шегі өседі: жұмыс беруші үшін – 40 ЕТЖ, қызметкер үшін – 20 ЕТЖ. Бұл жүйенің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге көмектеседі. Осының нәтижесінде жылына 200 млрд теңге қосымша табыс түседі деп күтілуде.
Мемлекеттің жарна мөлшерлемесін арттыруы
Мемлекет әлеуметтік осал топтар үшін жарна төлеуді жалғастырады. Алайда қаржылық ауыртпалықты өтеу үшін 2027 жылдан бастап бұл жарналар мөлшерлемесі кезең-кезеңмен 4,7%-ға дейін көтеріледі. Бұл медициналық көмектің кеңейтілген тізбесін қаржыландыруға мүмкіндік береді.