2025 жылғы 18 шілдеде Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексіне және салық заңнамасына өзгерістер енгізу туралы заңға қол қойды. Құжат салықтық әкімшілендіруді едәуір жеңілдетуді және салық жүктемесін төмендетуді көздейді.
Жаңа кодекске сәйкес, есептілік көлемі 30%-ға, салықтар саны 20%-ға азаяды. Камералдық бақылау ескерту сипатында кезең-кезеңімен жүргізіледі. Салықтық берешекті өндіріп алу, кейінге қалдыру және бөліп төлеу рәсімдері оңтайландырылады. Аз мөлшердегі берешек бойынша бизнес шоттары бұғатталмайды, ескерту шаралары қарыз көлеміне қарай кезеңмен қолданылады.
Салықтар бойынша негізгі өзгерістер:
ҚҚС:
Негізгі мөлшерлеме – 16%. Төмендетілген мөлшерлемелер енгізіледі:
-
2026 жылдан бастап – 5%, 2027 жылдан – 10% дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге,
-
10% – отандық мерзімді басылымдарға.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, кітап басу, археология және ГОБМП қызметтері ҚҚС-тан босатылады. ҚҚС бойынша тіркеу шегі 10 000 АЕК (40 млн теңге) болып белгіленді.
ЖТС:
-
БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдері салықтан босатылады,
-
Жылдық табысы 8 500 АЕК-тен асатын азаматтарға 15% прогрессивті салық мөлшерлемесі енгізіледі,
-
Кәсіпкерлер мен дивиденд иелеріне 230 000 АЕК-тен жоғары табыс үшін де 15%,
-
Мүгедектігі бар тұлғаларға арналған әлеуметтік шегерім 5 000 АЕК-ке дейін ұлғаяды,
-
Фермерлер үшін жеңілдік сақталып, 230 000 АЕК-тен асқан табыстарға 4,5% салық мөлшерлемесі қолданылады.
КТС:
Негізгі мөлшерлеме – 20%. Жоғарылатылған мөлшерлемелер:
-
25% – банктерге (ШОБ-ты қаржыландырудан басқа) және ойын бизнесіне,
-
2026 жылдан бастап – 5%, 2027 жылдан – 10% әлеуметтік сала ұйымдарына,
-
3% – ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне.
Бизнесті және инвесторларды қолдау:
-
Биржалық бағалы қағаздардан түскен дивидендтерге жеңілдіктер сақталады,
-
«Бәйтерек» холдингі бағалы қағаздарынан алынатын табыс 2031 жылға дейін салықтан босатылады,
-
Жер қойнауын барлау және өңдеуге арналған жаңа жобалар үшін 5 жылға нөлдік ПҚӨС мөлшерлемесі енгізіледі.
Сән-салтанат салығы:
2026 жылдан бастап құны 75 млн теңгеден асатын автокөліктерге, 100 млн теңгеден асатын ұшақтар, яхталар мен катерлерге, сондай-ақ қымбат ішімдіктер мен сигарларға 10% акциз салығы енгізіледі. Барлық мүлік нысандарының жиынтық құны 450 млн теңгеден асқан жағдайда мүлік салығы артады. Мәслихаттар мұндай нысандардың бағалауын 50%-ға дейін ұлғайта алады.
Жаңа Салық кодексі 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.