Астанада жаңа Салық кодексінің алғашқы жария түсіндірмесі өтті. Кәсіпкерлер мен салалық қауымдастықтар өкілдерімен кездесуде Үкімет пен «Атамекен» ҰКП жаңа заңдағы негізгі өзгерістерді таныстырды.
Негізгі назар салықтық әкімшілендірудегі жаңа тәсілдер мен арнайы салық режимдеріне (АСР) аударылды.
Ұлттық экономика министрлігінің салық және кеден саясаты департаментінің директоры Ерлан Сагнаевтың айтуынша, 2026 жылдан бастап арнайы салық режимдерінің саны жетеуден үшке қысқарады:
-
өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға,
-
жеңілдетілген декларация негізінде,
-
шаруа немесе фермерлік қожалықтарға арналған.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар — жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, жалдамалы жұмысшы жұмысқа тартпайтын және табысы айына 300 АЕК-тен аспайтын азаматтар. Олар ЖТС төлеуден босатылады және тек 4% мөлшерінде әлеуметтік төлем жасайды.
Жеңілдетілген декларация режимі сақталады. Бұл режимді жылдық табысы 600 000 АЕК-ке (2,4 млрд теңге) дейінгі салық төлеушілер пайдалана алады. Қызметкерлер санына шектеу жоқ, бірақ қызмет түрі тыйым салынған тізімге кірмеуі тиіс.
Шаруа қожалықтарына арналған режим де сақталады. Алайда бірыңғай жер салығының күшін жоюға байланысты жалпы табыстың 0,5%-ы көлемінде ЖТС мемлекеттік бюджетке төленеді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мақсатсыз пайдалану жағдайында жер салығының базалық мөлшерлемесі 20 еседен 40 есеге дейін артады.
Жаңа Салық кодексі салықтық әкімшілендіруді оңтайландыруды көздейді:
-
есептілікті 30%-ға қысқарту,
-
салық жүктемесін 20%-ға азайту,
-
берешекті өндіріп алу және кейінге қалдыру рәсімдерін жеңілдету.
2026 жылдан бастап салық берешегі үшін шаралар оның мөлшеріне байланысты қолданылатын болады. 20 АЕК-ке дейінгі қарыз үшін тек хабарлама жіберіледі, 20–45 АЕК аралығында — ескерту және банк шоттарындағы шығыс операцияларын тоқтату мүмкіндігі қарастырылады. 45 АЕК-тен асқан жағдайда — мүлікті сипаттап, борышкердің дебиторлық қарыздары есебінен өндіріп алу жүргізіледі.
Жаңа кодекс нормаларын түсіндіру жұмысы еліміздің басқа аймақтарында жалғасады.