logo

ЖК үшін МӘМС жарналарын төлеу тәртібі мен жеңілдіктер

25 шілде, 2025

Жеке кәсіпкерлер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қатысу үшін жарналарды уақытылы төлеуі тиіс. Бұл – сапалы және тегін медициналық көмекке қол жеткізу құқығын сақтаудың кепілі.

ЖК мен жеке практикамен айналысатын тұлғалар ай сайын 1,4 еселенген ең төменгі жалақының 5%-ын төлейді. 2025 жылы бұл — 5 950 теңге. Жарналарды ай сайын немесе бірнеше айға алдын ала төлеуге болады.

Жалдамалы жұмыскерлері бар кәсіпкерлер қосымша жарналар төлейді:
— жұмыс беруші 3% (ең көп 25 500 теңге)
— жұмыскер өз табысынан 2% (ең көп 17 000 теңге)

Кәсіпкер қатар жұмыс істесе, ол екі мәрте жарна төлейді — ЖК ретінде және жұмыскер ретінде.

Кейбір азаматтар жарна төлеуден босатылады:
— қызметін ресми түрде тоқтатқан ЖК
— зейнеткерлер
— мүгедектер
— марапатталған көпбалалы аналар
— күндізгі бөлімде оқитын студенттер

Декреттік демалыстағы әйелдер қызметін ресми тоқтатпаса, МӘМС жарнасын төлеуге міндетті.

Жарналарды кешіктіріп төлеу борыш пен өсімпұлдың туындауына, сондай-ақ сақтандыру мәртебесінің жоғалуына әкеледі. Бұл жағдайда азамат тегін медицинадан қағылуы мүмкін.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры МӘМС жарнасынан бас тартуға болмайтынын ескертеді — тіпті жеке клиникада емделетіндер де қатысуы тиіс. МӘМС мемлекеттік және жекеменшік медициналық ұйымдардағы қызметті қамтиды.

Егер ЖК жабылса, жарна төлеу тоқтатылады. Алайда сақтандыру мәртебесін жеке тұлға ретінде жалғастырып, өз бетінше немесе жұмыс беруші арқылы төлеуге болады.