Қазақстанда 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) барлық зейнетақы төлемдері мен тұрғын үйге/емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері (БЗТ) жеке табыс салығынан (ЖТС) босатылады. Бұл өзгерістер 2025 жылғы 18 шілдеде Мемлекет басшысы қол қойған жаңа Салық кодексінде бекітілді.
Қазіргі қолданыстағы Салық кодексіне сәйкес, БЖЗҚ-дан төленетін барлық зейнетақы төлемдерінен, оның ішінде міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) және ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша, ЖТС 10% мөлшерінде ұсталады. БЗТ алу кезінде салықты бірден төлеу немесе зейнетке шыққанға дейін кейінге қалдыру таңдау құқығы беріледі.
2026 жылдан бастап бұл салық толықтай жойылады. ЖТС тек Қазақстан Республикасының резиденті емес тұлғалар үшін ғана сақталады. Бұрын кейінге қалдырылған ЖТС бойынша міндеттемелер де күшін жояды, бірақ бұрын төленген салықтар қайтарылмайды.
Сонымен қатар, 2026 жылдан бастап өз пайдасына аударылған ерікті зейнетақы жарналары бойынша салықтық шегерімдер күшін жояды. Бірақ жұмыс беруші қызметкердің атына ЕЗЖ аударған жағдайда, бұл сомалар қызметкер үшін табыс болып саналмайды және жұмыс беруші үшін корпоративтік табыс салығы бойынша шегерімге жатады.