logo

Қазақстанда ҚҚС қайтару тәртібі 2026 жылдан жеңілдетіледі

20 тамыз, 2025

2026 жылдан бастап Қазақстанда салықтық әкімшілендіру тәртібі өзгереді. Жаңа Салық кодексі ҚҚС-тың артық сомасын қайтаруды жеңілдетілген тәртіппен қарастырады және бұл барлық экспорттаушыларға қолжетімді болады. Бұл өзгеріс ел бойынша мыңнан астам салық төлеушіні қамтиды.

Жаңа тәртіптің басты артықшылығы – тексерусіз, 15 жұмыс күні ішінде жеделдетілген ҚҚС қайтару. Бұл құқықты пайдалану үшін бірнеше талап орындалуы тиіс: салық органдарының орындалмаған хабарламалары болмауы, экспорт үлесі жалпы айналымның кемінде 50%-ын құрауы және соңғы 12 айда тексеру нәтижесі бойынша қайтаруға расталған сома болуы.

Қайтарылатын сома салықтық тәуекелдерді басқару жүйесі арқылы анықталады. Бұл бюджет үшін тәуекелдерді азайтып, адал салық төлеушілерге артық ҚҚС-тың толық сомасын қайтаруға мүмкіндік береді.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жеңілдетілген тәртіп тек ірі салық төлеушілерге, өндірушілерге және валюталық түсімді теңгеге айырбастайтын шикізат экспорттаушыларына қолданылады. Сонымен қатар, қазіргі кезде қайтару лимиті – 50%-дан 80%-ға дейін. Бұл мүмкіндікті бар болғаны 40–50 компания пайдаланады. 2026 жылдан бастап қатысушылар саны 20 еседен аса өседі.

Сондай-ақ, ҚҚС қайтару мерзімдері қысқартылады. Есептеу декларация тапсырылған күннен емес, талап берілген күннен басталады. Ал тексеру нәтижесі бойынша қайтару мерзімі 75 жұмыс күнінен 55 күнге дейін қысқарады. Бұл экспорттаушыларға қаржысын шамамен екі ай бұрын қайтаруға жол ашады.

Мамандардың пікірінше, Салық кодексіндегі бұл өзгерістер экспортты дамытуға қосымша серпін беріп, қазақстандық кәсіпкерлердің қаржы айналымын тиімді басқаруына мүмкіндік жасайды.