2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша салықтық әкімшілендіруде бірқатар өзгерістер күшіне енеді.
Басты жаңалықтардың бірі – егер орындалған жұмыс, көрсетілген қызметтің өткізу орны Қазақстан Республикасы деп танылса, резидент еместен алынған жұмыстар, қызметтер үшін ҚҚС төлеушінің электрондық шот-фактура (ЭСФ) жазып беру міндеті енгізіледі. Бұл қадам әкімшілендіруді жеңілдетіп, болашақта ҚҚС декларациясын автоматтандырылған түрде толтыруға жол ашады.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласын қолдау мақсатында және ҚҚС мөлшерлемесінің 12%-дан 16%-ға өсуіне байланысты есепке жатқызылатын қосымша салық сомасы 70%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылады.
2026 жылдан бастап ҚҚС бір ғана күнге — тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді алу күніне сәйкес есепке жатқызылады. Салық төлеуші бұл туралы белгісін ЭСФ ақпараттық жүйесінде декларацияны тапсыруға дейін қоюға міндетті. Бұл салық есебін жеңілдетіп, қателіктерді азайтуға және камералдық бақылаудың сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
ҚҚС декларациясын тапсыру мерзіміне де өзгерістер енгізіледі. Құжат есепті тоқсаннан кейінгі айдың 15-нен ерте емес және тоқсаннан кейінгі екінші айдың 15-нен кеш емес мерзімде қабылданады. Мұндай шектеу сәйкессіздіктер туралы хабарламалар санын қысқартып, қосымша есептілікті азайтады.