Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» ҚР Кодексінің 417-бабының 9-1-тармағына және 418-бабының 20-тармағына сәйкес Қаржы министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер енгізілгенін хабарлады.
Құжат Кеден кодексінің нормаларын іске асыруға бағытталған және кедендік тексерулер жүргізу кезінде мемлекеттік кірістер органдары мен тексерілетін тұлғалар арасындағы өзара іс-қимыл тәртібін нақтылайды.
Жаңа қағидалар 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді және бизнес үшін кедендік бақылау рәсімдерінің ашықтығы мен қолайлылығын арттыруға бағытталған.
Өзгерістер кедендік тексерудің алдын ала актісін табыстау шарттарына, жазбаша қарсылықтарды беру және оларды қарау тәртібіне қатысты.
Негізгі жаңалықтар
-
Жазбаша қарсылықтарды беру және оларды қарау мерзімдері нақты айқындалды. Енді мерзімдер алдын ала тексеру актісін алған күннен кейінгі күннен және қарсылық түскен күннен кейінгі күннен бастап есептеледі (бұрын — алынған күннен бастап).
-
Жазбаша қарсылықтарды қарау мерзімі қайта басталған жағдайда тексерілетін тұлғаны хабардар ету міндеті енгізілді. Хабарлама 2 жұмыс күні ішінде жіберіледі.
-
Тексерілетін тұлға шешім қабылданғанға дейін бұрын берілген жазбаша қарсылықты кері қайтарып алуына құқылы.
-
Салық кодексінің 144-бабының 3-тармағына сәйкес ірі салық төлеушілер мониторингіне жататын және инвестициялық және (немесе) арнайы инвестициялық келісімшарттар жасаған тұлғалардың қарсылықтарын ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті қарайды.
+7 (707) 350 02 20