logo

ҚҚС: Қазақстанның жаңа Салық кодексіндегі өзгерістер

23 желтоқсан, 2025

Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексі аясында қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша негізгі өзгерістер туралы хабарлады. Бұл өзгерістер салықтық әкімшілендірудің ашықтығын арттыруға, адал бизнесті қолдауға және ҚҚС қолдану тәртібін жеңілдетуге бағытталған.

ҚҚС салынбайтын айналымдар

Жаңа Салық кодексі ҚҚС салынбайтын айналымдардың тізбесін нақтылайды. Оларға мыналар жатады:

  • ҚҚС-тан босатылған тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді өткізу;

  • өткізу орны Қазақстан Республикасынан тыс орналасқан айналымдар;

  • Салық кодексінің 474-бабына сәйкес жекелеген тауарлар;

  • құмар ойын бизнесі саласындағы қызмет;

  • арнайы салық режимдері қолданылатын операциялар;

  • лотерея қызметіне байланысты айналымдар.

Тұрғын үйді өткізу және жалға беру кезіндегі ҚҚС

Құрылыс компаниялары тұрғын үй ғимараттарын немесе пәтерлерді өткізу кезінде, егер олардың құрылысы 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін басталған және (немесе) пайдалануға қабылданған болса, ҚҚС салынбайды.

2026 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған сатып алу құқығы бар ұзақ мерзімді тұрғын үйді жалға беру шарттары бойынша тұрғын үйді жалға беру де ҚҚС-тан босатылады.

Егер тұрғын үй ҚҚС-сыз сатып алынған болса, өткізу кезіндегі айналым мөлшері сату құны мен бухгалтерлік есепте көрсетілген баланстық құн арасындағы оң айырма ретінде айқындалады (қайта бағалаусыз және құнсызданусыз). Бұл нормалар құрылыс саласының жаңа талаптарға біртіндеп өтуін қамтамасыз етеді.

Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қолдау

Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілер, қайта өңдеушілер және ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін есепке жатқызылатын қосымша ҚҚС үлесі 70%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылды.

2026 жылдан бастап ҚҚС-ты есепке жатқызудың жаңа тәртібі

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚҚС-ты есепке жатқызу мынадай күндер бойынша жүзеге асырылады:

  • тауарлар, жұмыстар және қызметтер бойынша — нақты алынған күні;

  • үшінші елдерден импорт бойынша — тауарларды шығару күні;

  • ЕАЭО елдерінен импорт бойынша — ҚҚС төленген күні;

  • резидент емес тұлғалардың жұмыстары мен қызметтері бойынша — электрондық шот-фактура жазылған күні.

ҚҚС мөлшерлемелері

2026 жылдан бастап келесі ҚҚС мөлшерлемелері енгізіледі:

  • 16% — базалық мөлшерлеме;

  • 5% (2026 жылдан) және 10% (2027 жылдан) — дәрілік заттар, медициналық бұйымдар және лицензияланған медициналық қызметтер үшін;

  • 10% — отандық мерзімді баспа басылымдарын өткізу үшін;

  • 0% — тауарлар экспортына, халықаралық тасымалдарға, шетелдік әуе компанияларына арналған жанар-жағармай материалдарына, арнайы экономикалық аймақтарға өткізілетін тауарларға және аффинаждалған алтынға қолданылады.

ҚҚС бойынша декларацияны (300.00 нысан) тапсыру мерзімі

300.00 нысанды есепті тоқсаннан кейінгі айдың 15 күнінен ерте емес және есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың 15 күнінен кешіктірмей тапсыру қажет.

Өтпелі кезең бойынша ҚҚС

ҚҚС-ты есепке жатқызу кезінде тауарлар, жұмыстар немесе қызметтер сатып алынған күндегі Салық кодексінің редакциясы қолданылады.

Егер тауарлар немесе қызметтер 2025 жылғы желтоқсанда сатып алынып, ал шот-фактура 2026 жылдың 1 тоқсанында жазылса, ҚҚС ең кеш күн бойынша — 2026 жылдың 1 тоқсанында есепке жатқызылады.

ҚҚС бойынша есептен өз еркімен шығару жойылды

Жаңа Салық кодексіне сәйкес ҚҚС бойынша тіркеуден шығару тек келесі жағдайларда мүмкін:

  • жалпыға бірдей салық салу режимінен арнайы салық режиміне ауысу;

  • қызметтің тоқтатылуы немесе салық төлеушінің таратылуы.

Айналым көлеміне байланысты ҚҚС бойынша өз еркімен есептен шығару алып тасталды.