logo

Дәрілік заттар мен медициналық қызметтердің кең тізбесі ҚҚС-тан босатылды

21 қаңтар, 2026

Қазақстанда кепілдендірілген тегін медициналық көмектің көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде көрсетілетін медициналық қызметтер мен дәрілік заттар қосылған құн салығынан (ҚҚС) босатылды.

Аталған шаралар 3 000-нан астам дәрілік зат атауын қамтиды, оның ішінде 1 200 атау — орфандық және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеуге арналған препараттар, олар көтерме және бөлшек саудада да ҚҚС-тан босатылады.

Сондай-ақ сирек және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу, диагностикалау, алдын алу және оңалту бойынша көрсетілетін медициналық қызметтер ҚҚС салынбайды.

Қосымша түрде ТМККК және МӘМС аясында дәрілік заттарды өндіру үшін пайдаланылатын импортталатын фармацевтикалық субстанциялар да ҚҚС-тан босатылады.

Бұл шаралар ҚР Үкіметінің 2025 жылғы 31 желтоқсандағы № 1203 қаулысымен бекітілген
«Денсаулық сақтау саласында қосылған құн салығынан босату мәселелері туралы»
және 2026 жылдың қаңтарынан бастап күшіне енген жаңа ҚР Салық кодексі шеңберінде іске асырылуда.

Қабылданған шешім пациенттерді қолдауға, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға, медициналық ұйымдардың қаржылық жүктемесін азайтуға және отандық фармацевтика саласының дамуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Сонымен қатар жаңа Салық кодексіне сәйкес дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды көтерме және бөлшек саудада өткізу кезінде төмендетілген ҚҚС мөлшерлемесі қолданылады:

  • 2026 жылдың қаңтарынан бастап — 5 %;

  • 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап — 10 %.

Сонымен бірге Денсаулық сақтау министрлігі мен ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі рецептпен берілетін дәрілік заттарды дерегуляциялау мерзімін 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін ұзарту туралы шешім қабылдады.

Еске сала кетейік, өткен жылдың ортасында Денсаулық сақтау министрлігі дәріханаларда дәрілік заттардың шекті бағаларын реттеу тетігін енгізді. Нәтижесінде бүгінгі күні 3 780 позиция бойынша бағалардың орташа есеппен 26 % төмендегені байқалады.

2025 жылы шекті бағаны бұзудың 28 фактісі анықталып, 5,7 млн теңге сомасына әкімшілік құқық бұзушылық хаттамалары жасалды.

Дәріханаға бару кезінде дәрілердің өзекті бағаларын Dari.kz мобильді қосымшасы арқылы тексеруге болады.