2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексіне сәйкес БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдері мен тұрғын үйге және емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері (БЗТ) жеке табыс салығынан (ЖТС) босатылды.
Аталған босату Қазақстан Республикасының резиденті емес тұлғаларға төленетін зейнетақы төлемдеріне қолданылмайды.
Бұрын қалай болды
2026 жылға дейін барлық зейнетақы төлемдері, оның ішінде БЗТ, 10% мөлшерлеме бойынша ЖТС салынатын табыс болып саналды.
Зейнетақы жарналары салық салынғанға дейін аударылып, ЖТС төлемдер кезінде ұсталды.
Тұрғын үйге немесе емделуге арналған БЗТ пайдалану кезінде ЖТС екі тәсілмен төленетін:
-
бірден төлеу;
-
зейнетке шыққаннан кейін төлем кестесі бойынша кейінге қалдыру.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы төлемдерінің барлық түрлерінен, оның ішінде БЗТ-дан ЖТС ұсталмайды, резидент емес тұлғаларға төленетін жағдайларды қоспағанда.
Сонымен қатар тұрғын үйге және емделуге арналған БЗТ бойынша бұрын кейінге қалдырылған ЖТС міндеттемелері жойылады. Бұрын бюджетке төленген салық сомалары қайтарылмайды.
Әлеуметтік осал топтарға жататын тұлғалар үшін БЗТ бойынша 882 АЕК шегінде салықтық шегерімдер қолдану құқығы сақталады.
Аталған тұлғалардың толық тізбесі ҚР Салық кодексінің 404-бабында көрсетілген.
Егер осы санаттағы тұлғалар БЗТ алу кезінде ЖТС төлеген болса, олар БЖЗҚ-ға өтініш беріп, үш жыл ішінде салықты қайта есептеп, қайтаруға құқылы.
Басқа өзгерістер
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жеке тұлғаның өз пайдасына төлеген ерікті зейнетақы жарналары бойынша салықтық шегерімдер жойылды.
Сонымен қатар жұмыс беруші қызметкердің пайдасына БЖЗҚ-ға аударған ерікті зейнетақы жарналары:
-
қызметкердің табысы болып саналмайды және ЖТС салынбайды;
-
жұмыс беруші үшін корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде шегерімге жатады.
+7 (707) 350 02 20