logo

ЕСУТД-да еңбек шарттарын тіркеу: автоматты айыппұл салынбайды

16 наурыз, 2026

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі HR Enbek порталы штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын және деректерді қабылдау жалғасып жатқанын хабарлайды.

Бұған дейін еңбек қатынастарын цифрландыруға үлгермеген жұмыс берушілер мұны қазір жүзеге асыра алады. ЕСУТД жүйесі үздіксіз жұмыс істейді және заңнамада белгіленген мерзімнен кейін еңбек шарттарын тіркегені үшін автоматты түрде айыппұл салу қарастырылмаған.

Әкімшілік шаралар тек ресми тексеру нәтижесінде ғана қолданылуы мүмкін. Сонымен қатар негізгі басымдық профилактикаға беріледі: бұзушылықтар анықталған жағдайда бірінші кезекте оларды жою туралы нұсқама беріледі, ал айыппұл кейінгі шара ретінде қарастырылады.

Жұмыс берушілер жүйеде деректерді уақытылы енгізіп, оларды тұрақты түрде жаңартып отыруы тиіс.

2026 жылғы 10–11 наурызда пайдаланушылар белсенділігінің артуы нәтижесінде тіркелген шарттар саны тәулігіне 100 мыңға дейін жетіп, жүйеге уақытша жүктеме түсті. Қазіргі уақытта порталдың жұмысы тұрақтандырылды.

Бүгінде жүйеде 6,5 млн қолданыстағы еңбек шарты тіркелген. Бұл азаматтардың еңбек өтілін және әлеуметтік төлемдерін автоматты түрде растауға мүмкіндік береді.

Министрлік цифрландыру үдерістеріне белсенді қатысқаны үшін бизнес қауымдастығына алғыс білдіреді және HR Enbek жүйесі бойынша сұрақтар туындаған жағдайда 1414 байланыс орталығына жүгінуге болатынын еске салады.