2026 жылдың басынан бастап Қазақстан Республикасының Салық кодексіне салықтық әкімшілендірудің тиімділігін арттыруға және салық төлеушілер мен мемлекеттік кірістер органдары арасындағы өзара іс-қимылдың ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған өзгерістер күшіне енді. Бақылаудың негізгі құралдарының бірі – камералдық бақылау, ол салық есептілігінің деректері мен салық төлеушінің нақты қызметі арасындағы сәйкессіздіктерді анықтауға мүмкіндік береді.
Сәйкессіздіктер туралы жаңа үлгідегі хабарлама бекітілді. Бұл құжат анықталған айырмашылықтарға жедел әрекет етуге – оларды жоюға немесе түсіндірме беруге мүмкіндік береді.
Салық кодексінің 137-бабына сәйкес камералдық бақылау салық есептілігі тапсырылғаннан кейін талап қою мерзімі шегінде жүргізіледі және салық төлеуші деректерін мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттарымен салыстыруға бағытталған.
Хабарламаны алғаннан кейін салық төлеуші анықталған бұзушылықтарды жоюға немесе заң бұзушылықтың жоқтығын дәлелдейтін негізделген түсіндірмелер беруге құқылы. Хабарламаны орындау мерзімі – берілген күннен бастап 30 жұмыс күні. Бұл құжат горизонталды мониторингке қатысушылардан басқа барлық салық төлеушілерге жіберіледі және Қазақстан аумағында интернет-алаңдар арқылы жұмыс істейтін шетелдік компанияларға да қолданылады.
Хабарламаны орындаудың бірнеше тәсілі бар:
-
келісілген жағдайда – қосымша салық есептілігін тапсыру, берешек пен өсімпұлды төлеу, деректерді мобильді қосымшаларда көрсету (өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін) немесе тиісті салық режиміне көшу үшін қажетті әрекеттерді орындау;
-
келіспеген жағдайда – растайтын құжаттармен бірге жазбаша түсіндірме ұсыну;
-
ішінара келісім болған жағдайда – сәйкессіздіктің бір бөлігін жою және қалған бөлігі бойынша түсіндірме беру.
Белгіленген мерзімде хабарлама орындалмаған жағдайда мемлекеттік кірістер органдары әкімшілік шаралар қолдануы мүмкін. Олардың қатарында банктік шоттар бойынша шығыс операцияларын тоқтату, электрондық шот-фактураларды жазуды тоқтату, сондай-ақ интернет-алаңдар арқылы қызмет көрсететін шетелдік компаниялардың интернет-ресурстарға қолжетімділігін шектеу бар.
Жаңа хабарлама формасының енгізілуі камералдық бақылау процесін ашық етіп, салық төлеушілерге анықталған сәйкессіздіктерге икемді түрде әрекет етуге мүмкіндік береді. Заңнаманы сақтаудың негізгі шарты – хабарламаларды уақытылы орындау және деректерді цифрлық құралдар арқылы дұрыс көрсету.
+7 (707) 350 02 20