Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік аударымдар бойынша артық және (немесе) қате төленген сомаларды, сондай-ақ өсімпұлды қайтару қағидаларына өзгерістер енгізді.
Қағидалардың 4-тармағының жаңартылған редакциясына сәйкес, мемлекеттік қызметті алу үшін өтініш беруші белгіленген нысан бойынша өтініш ұсынады:
- қағаз түрінде – Мемлекеттік корпорация арқылы;
- электрондық түрде – веб-портал арқылы.
Өтінішке келесі құжаттар қоса беріледі:
- міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушының еңбек қызметінің басталуы немесе тоқтатылуын растайтын құжаттың көшірмесі (Қағидалардың 3-тармағы 2) тармақшасында көзделген жағдайларда);
- шағын бизнес субъектілері үшін оңайлатылған декларацияның (910.00 нысаны) көшірмесі (Қағидалардың 3-тармағы 5) және 6) тармақшаларында көзделген жағдайларда).
Егер декларация болмаса, мемлекеттік кірістер органдары беретін бюджетпен есеп айырысу жағдайы туралы жеке шоттан үзінді көшірме ұсынуға болады (2025 жылғы 28 қазандағы № 637 бұйрықпен бекітілген нысан бойынша).
Сонымен қатар, Қағидалардың 23-тармағы жаңа редакцияда берілді. Енді жиынтық төлем тапсырмасында міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің әрбір қатысушысы бойынша мынадай деректер көрсетілуі тиіс:
- тегі, аты, әкесінің аты (бар болса);
- жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН);
- әлеуметтік аударым сомасы;
- төлем жүргізілген кезең (ай, жыл).
Қағаз жеткізгіштердегі төлем тапсырмаларын рәсімдеу кезінде төлем кезеңі қосымша «Төлем мақсаты» бағанында көрсетіледі.
Енгізілген өзгерістер қайтару рәсімдерін біріздендіруге және әлеуметтік аударымдар есебінің ашықтығын арттыруға бағытталған.
Өзгерістер ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2026 жылғы 2 сәуірдегі № 115 бұйрығымен бекітілген және 2026 жылғы 18 сәуірден бастап қолданысқа енгізіледі.
+7 (707) 350 02 20