logo

ҚҚС декларациясын алдын ала толтыру

18 мамыр, 2026

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті ҚҚС бойынша декларацияны (300.00 СЕН) алдын ала толтыру сервисі мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйелеріндегі мәліметтер негізінде қалыптасатынын хабарлады. Атап айтқанда, электрондық шот-фактуралар жүйесіндегі (ЭШФ), салық төлеушілердің дербес шоттарындағы және тауарларға арналған декларациялардағы деректер пайдаланылады.

МКК мәліметінше, сервис Т-1 қағидаты бойынша жұмыс істейді, яғни ақпарат бір күн кешігіп жаңартылады. Егер бүгін ЭШФ рәсімделсе немесе ҚҚС-ты есепке жатқызу туралы хабарлама жіберілсе, ол жүйеде тек келесі күні көрінеді.

Сонымен қатар, алдын ала толтыру сервисі тек «расталған» мәртебесі бар ҚҚС-ты есепке жатқызу туралы хабарламалардағы деректерді қолданады. Осыған байланысты салық төлеушілерге хабарламаларды мұқият әрі дұрыс толтыру ұсынылады.

МКК мәліметінше, сервис камералдық бақылау хабарламаларының санын азайтуға көмектеседі және 300.00 СЕН толтыру кезінде қосымша тексеру құралы ретінде пайдаланылады.

Сонымен бірге ведомство жүйе салық төлеушілер ұсынған деректерді пайдаланатынын еске салды. Кейіннен мәліметтер өзгертілсе немесе нақтыланса, бұл камералдық бақылау нәтижелеріне әсер етіп, хабарламалардың келуіне себеп болуы мүмкін.