Қазақстан Үкіметі «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп еңбекақы төлеу қорына (ЕТҚ) түсетін салықтық жүктемені жеңілдетуге бағытталған реформаны әзірлеуде.
Қазіргі уақытта өзгерістер бойынша есептеулер жүргізіліп жатыр. Ұсыныстар пакеті күзде Парламент қарауына енгізілуі мүмкін.
Реформаға дайындық аясында «Атамекен» ҰКП ірі, орта және шағын бизнес өкілдерімен кездесулер өткізіп, жалақыға салынатын салықтар бойынша негізгі мәселелерді талқылады.
Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстандағы ЕТҚ-ға түсетін жиынтық жүктеме шамамен 39–42% құрайды. Мысалы, қызметкердің қолына 500 мың теңге беру үшін жұмыс беруші шамамен 800 мың теңге шығын қарастыруы қажет.
Бизнес үшін негізгі мәселелердің бірі — әкімшілендірудің күрделілігі. Бухгалтерлер ай сайын сегізге дейін түрлі төлемдерді есептеп, аударуға мәжбүр, ал есептеу комбинацияларының саны 80–90 нұсқаға дейін жетеді.
«Атамекен» ҰКП мәліметінше, реформа әкімшілік кедергілерді азайтып, есептеу жүйесін жеңілдетуге және оны бизнес үшін ашық етуге мүмкіндік береді.
«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов реформаның негізгі қағидаты қазіргі салықтық жүктеме деңгейін сақтай отырып, механизмдерді оңайлатуға басымдық беру екенін атап өтті.
Қазіргі таңда реформаның екі нұсқасы қарастырылуда:
- үш төлемді сақтау: МЗЖ (10%), ЖТС (10%) және 21% мөлшеріндегі бірыңғай әлеуметтік салық;
- барлық қолданыстағы төлемдерді біріктіретін бірыңғай әлеуметтік салық енгізу.
Жобаға сәйкес, бизнес барлық төлемді бір төлем тапсырмасы арқылы уәкілетті органға аударады, кейін қаражат автоматты түрде бюджет пен қорлар арасында бөлінеді — Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры және Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры.
Реформаның бөлек бағыты шағын және орта бизнесті қолдауға арналған. «Атамекенде» жалпыға бірдей режимдегі ШОБ үшін жалақыға қатысты барлық аударымдарды қолданыстағы жеңілдетілген режимге ұқсас біріктіру ұсынылуда.
Сонымен қатар, салықтық шегерімдер жүйесін қайта қарау және қазіргі кезде ЕТҚ шығындарын есепке алуды шектейтін 100 млн теңге лимитін алып тастау мәселесі талқылануда.
Бизнес пен салық органдарының пікірінше, бұл өзгерістер жалақыны «көлеңкеден» шығарып, қызметкерлердің нақты табысын ресми көрсетуге ынталандырады.
Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин бірқатар кәсіпорындар базасында бірыңғай төлем енгізу бойынша пилоттық жобаны іске қосуды тапсырды.
Сонымен қатар, бизнес өкілдері реформаны кезең-кезеңімен енгізіп, артық бюрократияға жол бермеуді сұрап отыр.
+7 (707) 350 02 20