logo

Оңайлатылған декларация негізіндегі АСР-ды Қазақстанның бірнеше өңірінде қолдануға болады

02 маусым, 2026

2026 жылдан бастап оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимін (АСР) қолданатын кәсіпкерлер Қазақстанның бірнеше өңірінде бір уақытта қызмет жүргізе алады.

Салық заңнамасында бұл режимді қолдануға аумақтық шектеулер белгіленбеген. Сондықтан кәсіпкерлер елдің әртүрлі қалаларында, аудандары мен облыстарында сауда нүктелерін ашып, қызметін жалғастыра алады.

Бұл ретте 910.00 нысанындағы оңайлатылған декларацияда қызмет жүзеге асырылатын барлық мемлекеттік кірістер органдары және кәсіпкерлік нысандарының мекенжайлары көрсетілуі тиіс.

Егер өңірлерде әртүрлі салық мөлшерлемелері қолданылса, кәсіпкер табыстардың бөлек есебін жүргізуге міндетті. Декларацияда әр өңірге қатысты, оның ішінде жергілікті мәслихаттардың шешімдерімен өзгертілген мөлшерлемелер бойынша табыстар көрсетілуі қажет.

Еске салсақ, оңайлатылған декларация негізіндегі АСР бойынша базалық салық мөлшерлемесі 4%-ды құрайды. Сонымен қатар жергілікті өкілді органдар қызмет түрі мен объектінің орналасқан жеріне қарай мөлшерлемені 50%-дан аспайтын көлемде төмендетуге немесе арттыруға құқылы.