logo

Денсаулық сақтау саласындағы ҚҚС: бизнес 5% мөлшерлемені сақтауды ұсынады

03 маусым, 2026

«Атамекен» ҰКП алаңында мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерінің қатысуымен ТМККК және МӘМС шеңберіндегі медициналық және фармацевтикалық өнімдерге бірыңғай ҚҚС мөлшерлемесін енгізу мәселесі талқыланды.

Қазіргі уақытта екі нұсқа қарастырылып жатыр — ҚҚС мөлшерлемесін 5% немесе 10% деңгейінде белгілеу. Фармацевтика және медицина саласының өкілдері салықтық әкімшілендіруді жеңілдету бастамасын қолдағанымен, саланың тұрақтылығын сақтау қажеттігін атап өтті.

Бизнес қауымдастығы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға бірыңғай 5% ҚҚС мөлшерлемесін бекітуді және оны болашақта көтермеуді ұсынады. Сонымен қатар қосымша салықтық жүктемені өтеу үшін ҚҚС сомасын ТМККК және МӘМС аясындағы медициналық қызметтердің тарифтеріне енгізу қажет деп санайды.

Кездесу барысында МӘМС қоры тарапынан төлемдердің кешіктірілу мәселесі де көтерілді. Сарапшылардың пікірінше, қаржыландырудың уақытылы жүргізілмеуі медициналық ұйымдардың айналым қаражатына әсер етіп, салықтық міндеттемелерді орындауда қиындықтар туындатуы мүмкін.

Сондай-ақ қатысушылар көптеген елдерде медициналық қызметтердің әлеуметтік маңыздылығына байланысты ҚҚС-тан босатылатынын немесе жеңілдетілген мөлшерлемелер қолданылатынын атап өтті.

Талқылау қорытындысы бойынша қатысушылар қазіргі жағдайда ҚҚС мөлшерлемесін 5%-дан асырмау және медициналық ұйымдардың шығындарын тарифтер арқылы өтеудің нақты механизмін әзірлеу қажет деген ортақ пікірге келді. Алдағы апталарда мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері бірлескен есептеулерді дайындап, мәселені одан әрі қарауға ұсынбақ.