logo

Электрондық сауда тауарларына арналған декларация енгізіледі

04 маусым, 2026

ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті электрондық сауда тауарларын кедендік декларациялау бойынша жаңа тетік енгізілетінін хабарлады. Ол — электрондық сауда тауарларына арналған декларация (ЭСТД).

Бұл өзгерістер Еуразиялық экономикалық одақ пен Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына енгізіліп жатқан түзетулер аясында жүзеге асырылуда. ЭСТД-ның нысаны мен толтыру тәртібі ЕЭК Алқасының 2024 жылғы 17 желтоқсандағы №143 шешімімен, ал электрондық құжаттың құрылымы мен форматы №144 шешімімен бекітілген.

Қазіргі уақытта ақпараттық жүйелерде тиісті функционал толық іске асырылған. «Кеден» ақпараттық жүйесінде «Электрондық сауда тауарларына арналған декларация» модулі әзірленіп, іске қосуға дайын.

Жаңа жүйені енгізу және қолдану 2026 жылғы 1 шілдеден басталады.

Сонымен қатар Telegram платформасында тестілеуге қатысушылар үшін арнайы чат ашылды. Онда жүйеге қатысты ақпарат пен жаңартулар жарияланып отырады. Тестілеуге электрондық сауда қатысушылары, пошта операторлары, экспресс-тасымалдаушылар және сыртқы экономикалық қызметке қатысатын өзге де ұйымдар шақырылады.

Жүйені пайдалану барысында ұсыныстар мен ескертулерді осы байланыс арнасы арқылы жолдауға болады.