Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі технологиялық бизнесті ұзақ мерзімді қолдау шараларын әзірлеуде. Оның ішінде Astana Hub қатысушылары үшін қолданыстағы салықтық жеңілдіктерді 2045 жылға дейін сақтау мәселесі қарастырылып жатыр.
Бастама ел экономикасын цифрлық трансформациялау стратегиясы аясында жүзеге асырылуда және 2028 жылдан кейінгі кезеңде IT саласының тұрақты дамуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Ұзақ мерзімді жоспарлау компанияларға өз даму стратегияларын бірнеше онжылдыққа алдын ала құруға мүмкіндік береді.
Стратегияны әзірлеу барысында жасанды интеллект саласындағы жаһандық үрдістер, қазақстандық IT-компаниялардың экспорттық әлеуетін арттыру және жоғары технологиялық инвестицияларды тарту мәселелері ескерілуде.
Бүгінде Astana Hub еліміздің цифрлық экономикасын дамытудағы негізгі алаңдардың біріне айналды. Қазіргі уақытта технопарк экожүйесінде 2,2 мыңнан астам компания тіркелген, 35 мыңға жуық жоғары білікті жұмыс орны құрылған, 438 млрд теңге инвестиция тартылған және қазақстандық IT-шешімдердің экспорты 1,9 млрд АҚШ долларына жеткен.
Қазіргі таңда министрлік сарапшылар қауымдастығымен және мемлекеттік органдармен бірлесіп қолданыстағы қолдау тетіктерін жетілдіру және инновациялық экожүйені, адами капиталды және жасанды интеллект технологияларын дамыту бойынша жаңа мүмкіндіктерді қарастыруда.
Ұзақ мерзімді стратегияны іске асыру Қазақстанның технологиялық бизнес жүргізуге және инновациялық жобаларды дамытуға ең қолайлы елдердің бірі ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.
+7 (707) 350 02 20