Мемлекеттік кірістер комитеті Салық төлеушінің кабинетінде жұмыс берушілерге еңбекақы қорынан төленетін салықтар мен әлеуметтік төлемдерді бір батырманы басу арқылы есептеуге және төлеуге мүмкіндік беретін жаңа сервистің жобасын таныстырды.
Жаңа сервис қызметкерлердің мәртебесін, қолданыстағы жеңілдіктерді және жекелеген санаттардың ерекшеліктерін ескере отырып, барлық міндетті төлемдерді автоматты түрде есептейді. Сонымен қатар төлем құжаттарын қалыптастырып, оларды банкке жіберуге мүмкіндік береді.
Мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграцияның арқасында жұмыс берушілер жұмыс уақытының табелін жүргізіп, жалақы бойынша есептеулерді автоматты түрде жүзеге асыра алады.
Жоба авторларының айтуынша, сервис бизнестің әкімшілік жүктемесін азайтуға, есептеулердегі қателіктерді төмендетуге және төлемдердің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ болашақта 200.00 нысанын тапсыру қажеттілігін алып тастау қарастырылуда.
Сервисті пайдалану ерікті негізде жүзеге асырылады. Алғашқы кезеңде оны шағын және орта бизнес субъектілері үшін енгізу жоспарланса, кейін бухгалтерлік жүйелермен интеграцияланған соң ірі кәсіпорындарға да қолжетімді болады.
Жобаның пилоттық іске қосылуы 2026 жылдың қыркүйек айына жоспарланған. Сынақ нәтижелері сәтті болған жағдайда сервис 2027 жылдың қаңтарынан бастап тұрақты негізде енгізілуі мүмкін.
Отырыс барысында жеке табыс салығынан босатылатын табыс түрлерінің тізбесін кеңейту және шетел азаматтарына Қазақстан Республикасының салықтық резиденттік сертификаттарын қайта беру мәселелері де қаралды.
+7 (707) 350 02 20