logo

Еңбек министрлігі зейнетақы жинақтарына мемлекеттік кепілдікке қатысты өзгерістерді түсіндірді

13 шілде, 2026

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында талқыланып жатқан зейнетақы жинақтарына берілетін мемлекеттік кепілдікке қатысты өзгерістерге түсініктеме берді.

Министрліктің мәліметінше, мемлекеттік кепілдік 2003 жылы енгізілген. Ол кезде салымшылар зейнетақы жинақтарын инвестициялау стратегиясын өз бетінше таңдай алмайтын. Мемлекет инвестициялық саясатты айқындап, нақты инвестициялық табыс инфляция деңгейінен төмен болған жағдайда айырмашылықты өтеуге міндеттенді.

Қазіргі таңда салымшылар зейнетақы активтерін басқаратын компанияны және инвестициялық стратегияны өздері таңдай алады. Осыған байланысты министрлік мемлекеттік кепілдіктің бастапқы құқықтық және экономикалық негіздемесі өзектілігін жоғалтқанын атап өтті.

Сонымен қатар ведомство ұсынылып отырған өзгерістер мемлекеттің зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдік беруінен бас тартатынын білдірмейтінін айтты. Зейнетақы активтерін басқару жүйесі бұрынғыдай көпдеңгейлі мемлекеттік бақылауда болады.

Сондай-ақ мемлекеттік кепілдік біржолғы өтемақы сипатына ие екені және ұзақ мерзімді перспективада тұрақты зейнетақы төлемдерінің мөлшеріне әсер етпейтіні айтылды.