logo

Мемлекеттік кірістер комитеті валюталық заңнама талаптарын еске салды

14 шілде, 2026

ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға экспорттық-импорттық операцияларды жүргізу кезінде валюталық заңнама талаптарын сақтау қажеттігін еске салды.

Негізгі талаптардың бірі – валютаны репатриациялау. Қазақстандық компаниялар экспорттық түсімнің уәкілетті банктердегі шоттарға уақытылы түсуін қамтамасыз етуі тиіс. Сондай-ақ, егер шетелдік жеткізуші тауарды жеткізбесе, қызмет көрсетпесе немесе шарт міндеттемелерін орындамаса, аударылған қаражатты қайтару қажет.

МКК сыртқы экономикалық шарттардың орындалу мерзімдерін бақылауды, шарт талаптары өзгерген жағдайда қосымша келісімдерді уақытылы рәсімдеуді, растайтын құжаттарды сақтауды және қажет болған жағдайда мемлекеттік кірістер органдарына, Ұлттық Банкке немесе қызмет көрсететін банкке жүгінуді ұсынады.

Ведомство валюталық заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделгенін де еске салды.

2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша:

  • валюталық шарттарды тіркеу талаптарын бұзу бойынша 1 116 әкімшілік хаттама жасалды;
  • валютаны репатриациялау талабын орындамағаны үшін 141 сыртқы экономикалық қызметке қатысушы жауапкершілікке тартылды;
  • салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 15,3 млрд теңгені құрады.

Ең ірі айыппұлдар Алматы қаласында, Павлодар облысында, Жетісу облысында және Астана қаласында тіркелді.