ҚР Қаржы министрлігі жеке тұлғалардың мобильді аударымдары туралы мәліметтердің қандай жағдайда салық органдарына берілетінін және азаматтарға қатысты қандай шаралар қолданылуы мүмкін екенін түсіндірді.
Салық кодексіне сәйкес, екінші деңгейлі банктер кәсіпкерлік қызметтен табыс алу белгілері болған жағдайда мемлекеттік кірістер органдарына ақпарат беруге міндетті.
Мәліметтер бірнеше талап бір мезгілде орындалған кезде ғана жолданады. Атап айтқанда, егер жеке тұлға қатарынан үш ай бойы кәсіпкерлікке арналмаған жеке шотына 100 және одан да көп әртүрлі тұлғалардан аударым алып, түсімдердің жалпы сомасы 12 ең төменгі жалақы мөлшерінен асса, банк бұл ақпаратты салық органдарына жібереді.
Бұл ретте тұлғаның жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі маңызды емес. Бақылау кәсіпкерлік мақсатта пайдаланылуы мүмкін жеке шоттарға қатысты жүргізіледі.
Ақпарат алынғаннан кейін мемлекеттік кірістер органдары жұмысты екі кезеңде жүргізеді. Алдымен салық төлеушіге табыс белгілерінің бар екені туралы хабарлама жіберіледі. Кейін негіз болған жағдайда камералдық бақылау жүргізіледі.
Егер тексеру барысында сәйкессіздіктер анықталса, азаматқа ресми хабарлама жолданады. Оны орындау мерзімі — 30 жұмыс күні. Осы уақыт ішінде азамат салық есептілігін тапсыруы немесе түсіндірме мен растайтын құжаттарды ұсынуы тиіс.
Қаржы министрлігі мобильді аударымдардың өзі салық салу объектісі болып табылмайтынын атап өтті. Салық тек табысқа салынады.
Туыстар арасындағы аударымдар, туған күнге немесе тойға берілген сыйлықтар, сондай-ақ мектеп пен балабақша қажеттіліктеріне жиналған қаражат табыс ретінде танылмайды және салық салынбайды.
Сонымен қатар, ведомство кәсіпкерлік қызмет үшін жеке шотты пайдалануға болмайтынын еске салды. Бизнес жүргізу үшін бөлек есеп айырысу шотын ашып, бақылау-кассалық машиналарды немесе арнайы мобильді қосымшаларды қолдану қажет.
Тіркеусіз кәсіпкерлік қызмет үшін 15 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған, ал бір жыл ішінде қайталанған жағдайда айыппұл 30 АЕК-ке дейін ұлғаяды.
+7 (707) 350 02 20