Қазақстанда жоғары білікті шетелдік мамандарды тартуға бағытталған жаңа тетіктер әзірленуде. Бұл бастама Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы аясында жүзеге асырылып, елдің таланттар, инвесторлар мен кәсіпкерлер үшін ашықтығын арттыруды көздейді.
Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон заңнамасын жаңартуды көздейтін заң жобасын дайындады. Негізгі мақсат — еңбек нарығының қажеттіліктеріне сәйкес сұранысқа ие мамандарды мақсатты түрде тарту жүйесін қалыптастыру.
Негізгі жаңашылдықтардың бірі — басым мамандықтар тізбесін Үкімет деңгейінде бекіту. Тізімге ақпараттық технологиялар, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, энергетика, биотехнология, атом өнеркәсібі, су ресурстары және кадр тапшылығы байқалатын өзге де салалар мамандары енгізіледі деп жоспарлануда.
Сонымен қатар, заң жобасы жұмыс берушілердің шақыруы бойынша шетелдік мамандарды жұмысқа тартудың ашық әрі түсінікті шарттарын қарастырады.
Бағдарлама аясында «Алтын Visa» мүмкіндіктері де кеңейтіледі. Шетелдік мамандар Қазақстанда белгілі бір мерзім жұмыс істегеннен кейін ұзақ мерзімді резидент мәртебесін (Resident ID) ала алады.
Бұл мәртебе салықтық жеңілдіктерге, қаржылық қызметтерге қолжетімділікке, денсаулық сақтау мен білім беру салаларындағы қосымша мүмкіндіктерге, сондай-ақ квотасыз жұмыс істеу құқығына жол ашады.
Министрлік мәліметінше, аталған шаралар қазақстандық мамандарға жаңа білім мен тәжірибе беруге, кадр тапшылығын азайтуға және экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.
Сондай-ақ, сұранысқа ие мамандықтар тізімін 51-ден 174-ке дейін кеңейту жоспарланып отыр.
Қазіргі уақытта заң жобасы мемлекеттік органдар арасында келісу кезеңінен өтуде.
+7 (707) 350 02 20