logo

МКК Қазақстандағы бейрезиденттердің табысына салық салу тәртібін түсіндірді

20 мамыр, 2026

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстандағы көздерден табыс алатын бейрезиденттердің табысына салық салу тәртібі бойынша түсіндірме жариялады.

ҚР Салық кодексінің 221-бабы 2-тармағына сәйкес, бейрезиденттер Қазақстандағы көздерден алынған табыстардан салық төлеуге міндетті.

Қазақстандағы көздерден алынатын табыстардың тізбесі Салық кодексінің 679-бабында белгіленген. Егер бейрезидент заңды тұлғаның Қазақстандағы қызметі тұрақты мекеменің құрылуына әкелмесе, мұндай табыстарға салық салу Салық кодексінің 72-тарауына сәйкес жүргізіледі.

МКК мәліметінше, Салық кодексінің 683-бабына сәйкес мұндай табыстарға шегерімдерсіз төлем көзінен ұсталатын корпоративтік табыс салығы (КТС) салынады.

Салықты есептеу, ұстап қалу және бюджетке аудару Салық кодексінің 682-бабында көзделген мөлшерлемелер бойынша салық агенті арқылы жүзеге асырылады.

Салықты ұстап қалу:

  • есептелген және төленген табыстар бойынша — табыс төленген күннен кешіктірмей;
  • есептелген, бірақ төленбеген және шегерімге жатқызылған табыстар бойынша — КТС декларациясын тапсыру мерзімінен кешіктірмей жүргізіледі.

Ұсталған салықты аудару мерзімдері:

  • төленген табыстар бойынша — төлем жасалған ай аяқталғаннан кейін 25 күнтізбелік күннен кешіктірмей;
  • есептелген, бірақ төленбеген табыстар бойынша — КТС декларациясын тапсыру мерзімінен кейін 10 күнтізбелік күн ішінде;
  • аванс төленген жағдайда — бейрезидент табысы есептелген ай аяқталғаннан кейін 25 күнтізбелік күннен кешіктірмей;
  • тауар жеткізу, жұмыс орындау немесе қызмет көрсету кезінде — табыс есептелген айдан кейін 25 күнтізбелік күн ішінде жүзеге асырылады.

Салық кодексінің 679-бабы 1-тармағының 39) тармақшасында көзделген жекелеген табыс түрлері үшін 684-бапқа сәйкес арнайы төлеу мерзімдері белгіленген.

Сонымен қатар, салық агенттері бейрезиденттердің табыстарынан ұсталған КТС бойынша есепті:

  • I, II және III тоқсандар үшін — есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірмей;
  • IV тоқсан үшін — келесі жылдың 31 наурызынан кешіктірмей тапсыруы тиіс.

Бұдан бөлек, Қазақстанда тұрақты мекеме құрмайтын құрылымдық бөлімше арқылы қызмет жүргізетін бейрезиденттер Салық кодексінің 359-бабында белгіленген мерзімдерде КТС декларациясын тапсыруға міндетті.